Біздің аурухана Дәрігерлерімен таныс болыңыздар.
Кеше ғана бұл дәрігерге алғысын өлең жолдарымен білдірген кейуана, ак батасын да берген.
ЖШККА Хирургия бөлімінің меңгерушісі Бекішев Бақтияр Мырзашұлы
Жоғары санатты хирург,
Медицина ғылымдарының кандидаты (2001),
Қауымдастырылған профессор (2009).
Келесі үздік белгілерімен марапатталған:
1) «Алтын дәрігер» (2016);
2) «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау ісінің үздігі» (2018)
3) «COVID-19 індеті кезінде жанқиярлық ерлік пен қайырымдылық көрсеткені үшін» (2020).
Ол 60-тан астам ғылыми жұмыс, Қазақстан Республикасының 7 инновациялық патентінің, әдістемелік ұсыныстар, жалпы хирургия бойынша мемлекеттік тілдегі оқу құралы мен оқулығының авторы.
Бақтияр Бекішев талантты дәрігер ғана емес, ол үш жылдан астам, өз жұмысын ЖШККА-да бастағалы бері, Facebook әлеуметтік желісінде ЖШККА, хирургиялық бөлімшесінің парақшасын
https://www.facebook.com/bekishev/
жүргізіп келе жатқанымен де танымал.
Бұған дейін Бақтияр Мырзашұлы 7 жылдай Алматыдағы №7 қалалық клиникалық ауруханасында жұмыс істеген.
Сонымен қатар, оның келбеті біздің қаланың тұрғындары мен қонақтарына таныс болуы әбден мүмкін. Өйткені, оның суреті Алматы метросы мен көшелерін безендіреді.
Бақтияр Мырзашұлы өзі жүргізіп жатқан блог туралы былай дейді:
– Мен бұл парақшамен жұмыстан келіп, кешке айналысамын. Мен үшін бұл қиынға соқпайды, өйткені өз жұмысымды жетік білемін, өзім оталарды да жасаймын, диагнозды да қоямын. 25 жылдық тәжірибем бар. Көптеген науқастар бізге келгенде, біз туралы интернеттен, әлеуметтік желіден білгендерін айтып жатады. Міне, халыққа осылай ақпарат беру үшін осындай парақшалар жүргізіледі.
Қазіргі уақытта парақшаға 2600-ден астам адам жазылған.
«Егер сіз ауыр сырқаттансаңыз,
емдеуді байыпты мамандарға тапсырыңыз!» – дейді парақшаның ұраны.
Емделушілерге жоғары санатты хирург келесідей кеңес береді:
– Ауруды асқындырмаңыз. Қайта оның алдын алуға тырысыңыз. Егер ауруханаға түссеңіз, ең алдымен, сабыр сақтаңыз, дәрігерлерге – хирургке, анестезиологқа сеніңіз, яғни өз өміріңізді оларға тапсырыңыз. Бізбен ұрсысудың қажеті жоқ, өкінішке қарай, бұл жиі болып тұрады. Диагноз қой деп асықтырудың да қажеті жоқ, біз қатар жүретін ауруларды анықтаймыз, аурудың атипті клиникасын, патологиялық процестерді көреміз, сондықтан бәрін ескеру керек. Отадан кейін дәрігерлердің барлық ұсынымдарын қатаң сақтаңыз. Кез келген уайым қысымның жоғарылауына, қызбалыққа, қан айналымының бұзылуына әкеледі. Ал бұл өз кезегінде, жасалған отаның нәтижесі мен тезірек қалыпқа келуге кері әсер етеді.
Аман болыңыздар!