Ковидпен күрескен дәрігерлердің балалары мектепке барады
Жаңа оқу жылының қарсаңында Алматы қаласы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының кәсіподағы қалыптасқан дәстүр бойынша емхана қызметкерлерінің бірінші сыныпқа баратын оқушыларын мектепке дайындауға көмектесті. Биыл мұндай балалар саны – 31. Карантинге қарамастан, оларға мектепке қажет нәрсенің бәрі сатып алынды. Балалар дәптер, кітап, бояу, қалам-қарындашқа толы жаңа рюкзактарын әрең көтеріп әкетті.
Аурухананың невропатологы Баян Таутаеваның 4 баласы бар, ортаңғысы –Мақсат, биыл алғаш рет мектепке барады. Сыйлықтар өте пайдалы әрі орынды болды, өйткені Мақсаттың ата-анасы – екеуі де, дәрігер және олардың қазір дүкен, базар аралауға уақыты жоқ. Баян карантин бойы қызыл аймақта жұмыс істеді, 3 айға жуық балаларынан бөлек өмір сүрді.
– Біз күн сайын бейнебайланыс арқылы сөйлестік, балалар, менің ата-анам мен үшін қатты алаңдап, барын салып, қолдау көрсетті. Бірақ мен қорыққан жоқпын, мен жай ғана дәрігерлік парызымды өтеп жүрдім, біз қандай мамандық таңдағанымызды о бастан білген едік. Менің айтарым, бұл вирус кезінде сабырлық сақтау және қорқынышпен күресу өте маңызды, мен науқастарға психологиялық тұрғыдан қаншалықты қиын болғанын өз көзіммен көрдім. Біздің көпшілігімізге психологты шақыруға тура келді, мен оларға невропатолог ретінде көмектесемін. Қазір вирус біртіндеп азайып барады, мен солай деп үміттенемін, вирусқа дейінгі өміріме оралғым келеді, онда балалар онлайн режимде емес, оффлайн оқыр еді.
Аурухананың урологы Олжас Оңғарбаев қызыл аймақта аз ғана уақыт жұмыс істеп үлгерді, себебі өзі коронавирусты жұқтырып, одан ұзақ уақыт сауықты. Бүгін ол жалғыз қызы Алинаны мектепке жібереді.
– Мен бұл аурудың қаншалықты қиын өтетінін өз басымнан өткіздім, сондықтан қазір адамдарды барлық сақтық шараларды қатаң сақтауға шақырамын. Әрине, біз балалардың алғашқы қоңырауына қатысқымыз келеді, бірақ бұл уақытша әрі біз үшін жасалған шара екенін түсінуіміз керек. Кәсіподақ сыйлықтары біз үшін және балалар үшін мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Естеріңізге сала кетейік, Алматы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы карантиннің алғашқы күндерінен бастап провизорлық орталық ретінде қызмет етті. Мұнда жүздеген адамға көмек көрсетілді.