Күндізгі стационар бөлімі тәуліктік ауруханаға жатқызуды қажет етпейтін, бірақ күндізгі уақытта емдеу-диагностикалық көмек көрсетуді талап ететін науқастарға стационарды алмастыратын медициналық көмек көрсетеді.
Күндізгі стационарда ем қабылдау арқылы науқас білікті дәрігерлердің бақылауында қажетті терапияны ала алады, тағайындалған дәрілік препаратқа бейімделіп, аллергиялық реакция немесе басқа да жағымсыз әсердің пайда болуы бақылауда болады.
Күндізгі стационарда болу пациентке емін жұмысымен немесе оқуымен үйлестіруге мүмкіндік береді, ал кешкі және түнгі уақытта үйінде болуына жағдай жасайды. Қажет болғанда және еңбекке жарамсыздық белгілері байқалғанда, пациентке уақытша еңбекке жарамсыздық парағы беріледі.
Бөлім 15 төсек-орынға есептелген.
Бөлім меңгерушісі – уролог дәрігер Кутбергенов Бекболсын Ондасынович.
Күндізгі стационарда терапия, неврология, урология, хирургия, нейрохирургия, гинекология, травматология бейіндері бойынша емдеу жүргізіледі.
Диагнозды уақтылы және дәл қою үшін бөлім дәрігерлері заманауи әрі жоғары сапалы зерттеу әдісінің кең спектрін қолданады.
Күндізгі стационарда келесі пациенттерге көмек көрсетіледі:
- жүрек-қан тамыр жүйесінің аурулары: артериялық гипертензия, жүрек жеткіліксіздігі, миокард инфарктінен кейінгі жағдайлар;
- тыныс алу мүшелерінің аурулары: бронхит, трахеит;
- асқазан-ішек жолының патологиялары: асқазан мен он екі елі ішектің жара ауруы, холецистит;
- жүйке жүйесінің аурулары: орталық және шеткі қан айналымының бұзылыстары, созылмалы ми ишемиясы, бас-ми жарақатының салдары, полинейропатия, неврит, радикулит;
- несеп-жыныс жүйесінің аурулары: созылмалы пиелонефрит, бүйрек тастары ауруы;
- қозғалыс-тірек аппаратының аурулары: аяқ-қолдың бітісіп кеткен сынулары.
Дәрігерлік бақылауды қажет ететін, бірақ тәулік бойы ауруханада болуды талап етпейтін науқастар үшін күндізгі стационар деңгейінде жасанды бүйрек аппараты арқылы гемодиализ процедурасы жүргізіледі. Бөлім диализге арналған ең жаңа су дайындау жүйесімен және арнайы төсек-орынмен жабдықталған. Дәрігерлер әр пациентке жеке диализ режимін, диетаны таңдайды, уремиялық интоксикацияны, гипергидратацияны, артериялық гипертензияны, анемияны және фосфор-кальций алмасуының бұзылуын емдейді.
Әрбір пациент үшін емдеу тәсілі жеке таңдалып, дәрілік препарат пен процедураның көтере алу мүмкіндігі, аллергиялық реакция ескеріледі. Қажет болған жағдайда барлық тар мамандық дәрігерлерінің кеңесі ұйымдастырылады.