Алматыда ішектің қабыну аурулары бойынша X Ұлттық форумның ашылу рәсімі өтті

Алматыда ішектің қабыну аурулары бойынша X Ұлттық форумның ашылу рәсімі өтті
Алматыда ішектің қабыну аурулары (ІҚА) бойынша X Ұлттық форумға Қазақстан мен шетелден келген жетекші гастроэнтеролог, хирург, колопроктолог мамандар мен сарапшылар қатысты.
Салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының директоры Алмаз Джувашев: «Ішектің қабыну аурулары қазіргі медицинадағы ең күрделі әрі өзекті мәселелердің біріне айналды. Бұл дерт жасарып барады, өте ауыр өтеді және көп жағдайда адам өміріне қауіп төндіретін асқынуға әкеледі. Осындай жағдайда шұғыл хирургия мен колопроктологияның маңызы ерекше артады», – деп атап өтті.
Алмаз Джувашевтің айтуынша, форум Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы үшін стратегиялық маңызы бар маңызды алаң. Аурухана базасында ІҚА бойынша мамандандырылған хирургиялық орталықтың ашылуы Алматы қаласының денсаулық сақтау жүйесі үшін маңызды қадам болды.
Жоба Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-мен тығыз ынтымақтастық нәтижесінде жүзеге асырылды. Бұл науқастарға диагноз қоюдан бастап, консервативті ем жүргізу мен жоғары технологиялық хирургиялық көмек көрсетуге дейінгі үздіксіз медициналық қызмет жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ ол жетекші мамандардың қатысуының маңызын атап өтіп, Армен Воскановичке кәсіби тәжірибесі мен ауыр жағдайдағы науқастарды емдеуге қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
«Біздің хирургиялық орталық ІҚА-ның асқынған түрлерін емдеуде сенімді тірекке айналып, ал Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы жас мамандар даярланып, озық хирургиялық технологиялар енгізілетін қуатты ғылыми-тәжірибелік база болады деп сенемін. Форум қатысушыларына нәтижелі жұмыс және алған білімді тәжірибеде сәтті қолдануды тілеймін», – деді аурухана директоры.
Форумның ғылыми бағдарламасы аясында ІҚА-ны емдеудің заманауи тәсілдері, Крон ауруы мен ойық жаралы колитті емдеу, науқас жағдайын бақылау және асқынудың алдын алу мәселелері талқыланды.
Спикерлер қатарында Руперт Леонг пен Паулу Густаво Котзе секілді халықаралық сарапшылар, сондай-ақ Қазақстанның жетекші мамандары бар.
Форум өз жұмысын жалғастырып, тәжірибе алмасу мен еліміздегі гастроэнтерология және колопроктология салаларын дамытуға арналған маңызды кәсіби алаң болмақшы