Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында «Донор күні» өтті
Бүгін ҚЖШККА-да «Донор күні» науқаны өтті. Бұл игі шара Қалалық қан орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Мұндай науқан дәстүрге айналып, елімізде ерікті қан донорлығын насихаттауға және өміріне қауіп төнген пациенттерді қан компоненттерімен дер кезінде қамтамасыз етуге бағытталып келеді.
Аурухана ұжымы бұл жолы да белсенділік танытып, бастамаға атсалысты. Донорлар қатарында мұндай шараға бірнеше рет қатысып үлгерген қызметкерлермен қатар, алғаш рет батыл шешім қабылдаған жандар да болды. Әрқайсы да игілікті іске үлес қосып, біреудің өмірін сақтауға себепкер болды.
«Бұл жолы 36 қызметкер қан тапсырды, жалпы көлемі 17,5 литр қан жиналды. Мұндай шараның өзектілігі ешқашан жойылмайды: донорлардың арқасында қан құюды қажет ететін науқастарға дер кезінде көмек көрсету мүмкіндігі артады», – деп атап өтті жоғары санатты трансфузиолог-дәрігер, ҚЖШККА трансфузиология кабинетінің меңгерушісі Марина Головня.
Шараның тікелей аурухана аумағында өтуі қызметкерлерге өз жұмысынан қол үзбей қатысуға мүмкіндік берді. Бұл донор болуды анағұрлым қолайлы әрі қолжетімді етті.
Аурухана әкімшілігі Қалалық қан орталығына жемісті әріптестік үшін алғыс білдіріп, науқанға белсене қатысқан барлық қызметкерге жанашырлығы мен азаматтық белсенділігі үшін ризашылығын білдіреді.




