(Русский) 17 апреля 2025 года в Алматы состоялась Международная научно-практическая конференция «Тайны мозга. Мультидисциплинарный форум».

2025 жылғы сәуірдің 17-сінде Алматыда «Ми құпиялары. Мультидисциплинарлық форум» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.
Іс-шараны «Азиялық Жүрек пен Ми Қоғамы» қоғамдық бірлестігі, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы және Инсульт мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы бірлесіп ұйымдастырды.
Конференцияның мақсаты – неврологиялық ауруларды диагностикалау, емдеу және оңалту мәселелерін пәнаралық тұрғыдан талқылау. Форумға Қазақстан, Ресей, Украина және АҚШ елдерінен 300-ге жуық маман – неврологтар, кардиологтар, психиатрлар, терапевтер мен оңалтушы дәрігерлер онлайн және офлайн түрде қатысты.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Алмаз Джувашев конференцияны ашып, Қазақстанда жыл сайын 42 000-нан астам жаңа инсульт жағдайы тіркелетінін, бұған дейін тек 70 жастан асқан адамдардың дерті саналған бұл ауру бүгінде 40 жасқа дейінгі науқастарда да жиі кездесетінін атап өтті.
Алмаз Джувашев өз сөзінде аурухана жаңа тәсілдердің, тромболитикалық терапияның және шұғыл хирургиялық емдеудің нәтижесінде маңызды жетістікке қол жеткізілгенін айтып, жалпы өлім-жітім 13,3%-ға, ҚАЖА-дан – 29%-ға, инсульттен – 23%-ға төмендеп, 4,7%-ды құрағанын баса айтты. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда төмен нәтиже. 2021 жылдан бастап ауруханада 200-ден астам рентгенэндоваскулярлық араласу жасалғанын, алдағы уақытта жасанды интеллект көмегімен ерте диагностика мен шағын инвазивті тәсілдерді енгізу жоспарланып отырғанын айтты.
Форум бағдарламасында жетекші сарапшылардың баяндамалары ұсынылды. Олардың қатарында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас неврологы, профессор Сәуле Туруспекова, ҚазҰМУ профессоры Еркін Нұргожаев, Оклахома университетінің (АҚШ) профессоры Евгений Сидоров, Ресейдің «Дәлелді неврология қоғамының» президенті Олег Виноградов, сондай-ақ Украинадан келген профессор Марина Трещинская болды.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы атынан инсультті дифференциалды диагностикалау секциясында ҚЖШККА нейроинсульттік орталығының меңгерушісі, жоғары санатты невролог, қоғамдық денсаулық сақтау магистрі Лаззат Аяганова баяндама жасап, Крейтцфельдт-Якоб ауруының сирек клиникалық жағдайын мысал ретінде ұсынды.
Бұл дерек кәсіби қауымдастықтың үлкен қызығушылығын тудырды.
Лаззат Аяганова өз баяндамасында Алматы қаласында жұмыс істейтін бес инсульт орталығының бірі – ҚЖШККА нейроинсульт орталығының қызметін атап өтті. Орталықта 30 бейінді төсек-орын қарастырылған, 2024 жылы мұнда 1163 науқас ем алды.
Конференция медициналық қауымдастық үшін маңызды шараға айналып, ми ауруларына кешенді қараудың маңызын айқын көрсетті