Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 22 жасар науқас қатты бас ауруына шағымданып түскен.

Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына 22 жасар науқас қатты бас ауруына шағымданып түскен.
“Бас ауруы – көптеген аурудың белгісі болуы мүмкін. Бұл жағдайда ол аса қауіпті патология – аневризманың алғашқы белгісі болды,” – дейді нейрохирург Максим Аргумбаев.
Толыққанды тексеру жүргізіліп, магниттік-резонанстық томография (МРТ) және магниттік-резонанстық ангиография (МРА) нәтижесінде науқаста алдыңғы біріктіруші артерияның қапшық тәрізді аневризмасы анықталды. Бұл – қан тамыры қабырғасының патологиялық кеңеюі, ол кез келген уақытта жарылып, миға қан құйылуы мүмкін.
“Аневризма көп жағдайда ешқандай белгі бермейді және кездейсоқ анықталады. Бірақ біздің пациентімізде оның жарылу қаупі жоғары болғандықтан, шұғыл ем жүргізу қажет болды,” – деп түсіндіреді Максим Аргумбаев.
Науқасқа рентгеноэндоваскулярлық эмболизация жасалды. Бұл – заманауи, шағын инвазивті әдіс. Процедура кезінде қан тамырлары арқылы арнайы микроспираль енгізіліп, аневризмалық қапшық толтырылады. Бұл оның жарылу қаупін жояды. Ота жалпы наркозбен өтіп, 60 минутқа созылды.
Ота жасаған топ:
Константин Ли – ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі
Максим Аргумбаев – нейрохирург
Ринат Касенов – анестезиолог
Маркабай Умирбаев – мейіргер
Мамандардың айтуынша, эмболизация – жоғары технологиялық процедура, ол пациент үшін қауіпсіз әрі оңалту уақытын айтарлықтай қысқартады.
Ота сәтті өтіп, науқас келесі күні-ақ күнделікті өміріне оралды.
“Ми аневризмасы – өте қауіпті патология, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Сондықтан тұрақты диагностикадан өтіп, қажет болған жағдайда уақтылы ем алу өте маңызды. Біздің науқас бір күн ішінде қалыпты өміріне қайта оралғанына қуаныштымыз,” – дейді Максим Аргумбаев.