Алматыда алғаш рет бипорталды техника қолданылған эндоскопиялық жұлындық хирургия бойынша шеберлік сынып өтті

Алматыда алғаш рет бипорталды техника қолданылған эндоскопиялық жұлындық хирургия бойынша шеберлік сынып өтті
2025 жылғы 21-22 қаңтар аралығында Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы (ҚЖШККА) базасында бипорталды эндоскопиялық жұлындық хирургия бойынша бірегей мастер-класс өтті.
Аталған шара ҚЖШККА әкімшілігі, С. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нейрохирургия кафедрасы, Алматы қаласы нейрохирургтары қоғамы және Karl Storz компаниясы өкілдерінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Мастер-кластың арнайы қонағы және жүргізушісі ретінде Ресейдің жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі – Санкт-Петербург қаласындағы Павлов атындағы Бірінші Санкт-Петербург мемлекеттік медицина университетінің (БСПбММУ) нейрохирургі, медицина ғылымдарының кандидаты Абуков Дахир Нурмагометович шақырылды.
Дахир Абуков – жұлын эндоскопиялық хирургиясы саласындағы жетекші мамандардың бірі, 15 жылдан астам тәжірибесі бар білікті нейрохирург. Ол омыртқааралық жарықты жою, стенозды емдеу және омыртқаның басқа да күрделі аурулары бойынша оталарды сәтті жүргізеді. Оның үстіне ол 50-ден астам ғылыми жарияланымның авторы ретінде ғылыми-зерттеу жұмысымен белсенді айналысады.
Екі күндік мастер-класс барысында 4 күрделі ота жасалды. Соның ішінде эндоскопиялық әдісті қолдана отырып, омыртқааралық жарықты жою және аралас стеноз кезінде over-the-top декомпрессиясын жүргізу сияқты жоғары технологиялық араласу жүзеге асырылды. Бұл әдіс жүйке түбіріне түсетін қысымды тиімді төмендетуге және пациент жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді.
Шеберлік сыныпқа нейрохирургия саласындағы 30-ға жуық маман қатысты. Олар Алматы №4 қалалық клиникалық аурухана, №7 қалалық клиникалық аурухана, Орталық қалалық клиникалық аурухана және ҰҚК госпиталі сияқты мекемелерден келді. Қатысушылар жасалған операциядарды бақылап қана қоймай, оған белсенді қатысуға мүмкіндік алды. Барлық әрекет конференц-залға трансляцияланды, сол арқылы мамандар нақты уақытта сұрақ қойып, өз ойын жетекші хирургтармен талқылауға мүмкіндік алды.
Қазір ота жасалған пациенттер ерте мерзімде белсендіру нәтижесінде ауырсынудың толық регресіне қол жеткізді. Олар 2-3 күн ішінде ауруханадан үйге шығарылады деп жоспарланған.
Мұндай бастама нейрохирургиядағы жаңа технологияны дамытуға және пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.
Отандық медицинаның дамуына қосқан үлесі үшін барлық қатысушы мен ұйымдастырушыларға алғыс білдіреміз!