Жақында Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының қабылдау бөліміне денесі құрысып, тұншығып қалған 7 жасар бала жеткізілді.
Ата-анасы жедел жәрдемді күтпестен, жақын маңдағы ауруханаға өз бетінше жеткізуге шешім қабылдады, бұл баланың аман қалуында маңызды рөл атқарды.
Қабылдау бөлімінің жансақтау залында дәрігерлер баланың тыныс алуы соңғы сатыда екенін анықтады. Өздігінен дем ала алмаған бала үшін әр секунд санаулы болды. Реаниматолог Жандос Жүнісбеков, невропатолог Темірлан Ермахамбет, хирург Мұрат Ахметов пен директордың орынбасары Ермек Желдібаевтың үйлесімді жұмысы қажетті шараны жедел қабылдауға мүмкіндік берді.
Ең алдымен дәрігерлер тынысы шегіне жеткен баланың ауыз-қуысын тыныс алуына кедергі келтіруі мүмкін бөгде заттан тазартты. Содан кейін олар өкпені оттегімен қамтамасыз ету үшін жасанды тыныс алуды бастады. Қалыпты желдетуді мүмкіндігінше тез қалпына келтіру маңызды болды. Сонымен қатар баланың жағдайын тұрақтандыру үшін қажетті дәрі-дәрмек берілді. Дәрігерлер жүрек-қан тамырларының жұмысын жақсарту үшін құрысуға қарсы препаратты қолданды. Олардың кәсібилігі мен жедел әрекетінің арқасында баланың жағдайы тұрақтанды.
Алғашқы көмек көрсетіліп, баланың жағдайы тұрақталғаннан кейін бала одан әрі ем алу және бақылау үшін балалар ауруханасына жіберілді.
Ата-анасының айтуынша бала эпилепсия диагнозымен невролог маманның есебінде. Соңғы кезде бала дәрігердің нұсқауымен қабылдап жүрген дәрісін белгілі бір себеппен уақытша тоқтатып, дәрі-дәрмекке түзету енгізіліп, жаңа тағайындама алуы керек еді.
Мұндай жағдай біздің аурухана тәжірибесінде бірінші рет орын алып жатқан жоқ (бұған дейін мына жағдай туралы жазылған – https://egemen.kz/…/358347-zhedel-dgardem-dgetkizip…).
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы ересектер ауруханасы болса да, мұқтаж жанның бәріне көмек көрсетуге қашанда дайын.
Біздің мамандар күн сайын мұндай жағдаймен бетпе-бет келіп, алғашқы көмек көрсетіп, науқас атаулыны өлімнен аман алып жатады.
Аурухана дәрігерлері ескертеді – уақтылы медициналық көмекке жүгіну, дәрігерлердің нұсқауын орындау және дәрі-дәрмекті қабылдау қайғылы салдардың алдын алады.