Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында ішек жарығы мен өт-тас ауруы сәтті емделді

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында ішек жарығы мен өт-тас ауруы сәтті емделді
Жақында біздің ауруханада ішек жарығы (грыжа) және өт-тас ауруының күрделі жағдайын емдеу бойынша сәтті ота жасалды.
1960 жылғы науқас 5 жыл бойы мазалаған мезгіл-мезгіл қыжылдау, кекіру, жұтынудың қиындауы және басқа да жағымсыз белгілерге шағымданып, Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) жүгінген. Тиімсіз консервативті ем мен талай дәрігерге көрінгеннен кейін ол біздің аурухана мамандарына көрінуді жөн көрді.
Консультация және жан-жақты тексеру, атап айтқанда, фиброгастродуоденоскопия (ФГДС) және рентгеноскопиядан кейін өт қабында көптеген эрозия мен тастар бар 2-3 дәрежелі көкет (диафрагма) өңеш саңылауының жарығы (КӨСЖ) диагнозы қойылды.
КӨСЖ асқазанның бір бөлігінің көкет арқылы кеуде қуысына ығысуымен сипатталады, бұл өңештің қысылуына және рефлюкс-эзофагиттің пайда болуына әкелуі мүмкін.
Өт-тас ауруы ауырсыну және қабынуды тудыруы мүмкін өт тастарының пайда болуымен сипатталады.
Нәтижесінде бір мезгілде көкет өңеш саңылауының жарығын жою: крурорафия (көкет бұлшықеттерін тігу) және жарықтың қайталануын болдырмауға және рефлюкс белгілерін жоюға көмектесетін Ниссен бойынша фундопликация және ықтимал асқынудың алдын алу үшін өт қабын санациямен алып тастау және іш қуысына білте қою –
лапароскопиялық холецистэктомия отасы жасалды.
Ота үш сағатқа созылды. Құрамында хирург Нұрхат Есенбеков, ассистенттер Дәурен Әбдуалиев пен Ержан Төлебаев, анестезиолог Исматулла Камалов және ота жасау медбикесі Әлия Қуандықова бар оталық топ жоспарланған барлық манипуляцияның сапалы орындалуын қамтамасыз етті.
“Мұндай ота шын мәнінде күрделі және нақты командалық жұмысты, сондай-ақ барлық қатысушыдан жоғары кәсібилікті талап етеді. Біз процедураның сәтті аяқталуына мүмкіндік беретін әрбір бөлшекке назар аудардық. Науқастың ауыртпалық белгілерінен арылуы және белсенді өмірге қайта оралуы маңызды”, – деп атап өтті Нұрхат Есенбеков.
Науқас отадан кейін алтыншы күні қанағаттанарлық жағдайда үйге шығарылды. Енді ол қайтадан ауыртпалықсыз толыққанды өмір сүре алады.
Заманауи әдістерді қолдана отырып және жоғары деңгейде медициналық көмек көрсете отырып, біз пациенттерімізді салауатты өмірге қайтаруға барымызды саламыз.