Қатерлі ісігі бар науқасқа жасалған сәтті ота
2024 жылғы тамыздың 13-інде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) кіндік, эпигастрий және сол жақ мезогастрий аймағындағы жедел құрысу ауруымен 1957 жылы туған науқас шұғыл түрде түсті. Оның үстіне ол бір аптаға жуық жалпы әлсіздік және үлкен дәретке бармағанына шағымданды.
Науқас асқазан ісігі диагнозымен онкологта диспансерлік есепте тұр. Оған бұған дейін 2018 жылы струмэктомия және 2020 жылы субтотальды асқазан резекциясы жасалған болатын.
Іш қуысы мүшелерін рентгендік зерттеу кезінде бауыр бұрышында және аш ішек деңгейінде доғалар, Клойбер шарасы және сұйықтық деңгейі анықталып, жедел ішек өтімсіздігін көрсетті.
Науқастың ауыр жағдайына байланысты хирургиялық араласуды орындау туралы шұғыл шешім қабылданды. Ота екі сағат жиырма минутқа созылды және лапаротомия, құрсақ қуысы мүшелерін ревизиялау, қосылған жерлерді бөлу, Шальков зондын орнату, “ұшын шетке” аппараттық анастомозды қолдану арқылы сигма тәрізді ішектің бір бөлігін резекциялаудан тұрды. Сондай-ақ іш қуысын санациялау және білтелеу жүргізілді.
Отаны жоғары санатты хирург Нұрхат Есенбеков, ассистенттер Ақтоты Айтақын мен резидент Жангелді Қашқарбаев жүзеге асырды.
Отадан кейінгі диагностика жіті обтурациялық ішек өтімсіздігі және уытты ұйыма перитонитпен асқынған сигма тәрізді ішектің қатерлі ісігінің болуын, сонымен қатар құрсақ қуысының жабыспа ауруын растады.
Отадан кейінгі жетінші күні науқас жағдайының жақсаруымен үйге шығарылды.
«Тоқ ішектің анастомозымен шұғыл түрде ісік резекциясын жасау биыл осымен төртінші клиникалық жағдай, – деп атап өтті Нұрхат Есенбеков. – Мұндай жағдай жиі орын алғанымен, отаның көлемі мен одан арғы тактикасы араласу кезінде метастаздың болуы немесе болмауы, ілеспе аурулар және перитонит дәрежесіне қарай жеке анықталады. Бұған дейінгі үш жағдайда анастомоз дәстүрлі түрде қолмен жасалды. Ал аталған жағдайда ота уақытын айтарлықтай қысқартқан аппараттық анастомоз қолданылды. Аппарат, орта есеппен, ота уақытын 40 минуттан 1 сағат уақытқа дейін қысқартады”.