Өт тас ауруының асқынған жағдайы: уақтылы көмек науқастың өмірін аман алып қалды
2024 жылғы тамыздың 7-сінде Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) қабылдау бөліміне оң жақ қабырға астындағы қатты ауру сезімі, терінің және склераның сарғаюы, терінің қышуы, зәрінің қараюы және ауыздың құрғауына шағымдармен ауыр жағдайда 75 жасар ер адам түсті. Аталған белгілер дереу хирургиялық араласу қажет екенін көрсетті.
Дәрігерлердің мұқият тексеруінен кейін өт жолдарын диагностикалаудың инвазивті емес әдісі болып табылатын магнитті-резонанстық холангиопанкреатография (MRCP) жүргізу туралы шешім қабылданды. Зерттеу нәтижелері жалпы өт жолында көлемі 0,3 см-ден 1,2 см-ге дейін болатын көптеген тастың болуын анықтады, бұл обструктивті сарғаю диагнозын және хирургиялық араласу қажет екенін растады.
Келесі күні жоғарғы-ортаңғы лапаротомия, холецистэктомия (өт қабын алу), холедохотомия және өт жолынан тастарды алу отасы жасалды. Отаны: хирургтар Нұрхат Есенбеков, Дәурен Абдуалиев, резидент Жангелді Қашқарбаев, анестезиолог Исматулла Абдижалилович, оталық медбике Әлия Қуандықова жасады.
Ота кезінде жалпы өт жолының интраоперациялық холангиографиясы және холедохты Пиковский бойынша білте қою жасалды, бұл ықтимал асқынуларды болдырмауға көмектесті.
Ота 3 сағатқа созылды.
Ота аяқталғаннан кейін науқасқа өт тас ауруы, жіті обструктивті калькулезді холецистит, көптеген холедохолитиаз холангит және механикалық сарғаюмен диагнозы қойылды.
Ота сәтті өтті. Науқас үйге шығуға дайындалып жатыр.
Бұл жағдай дене сигналдарына мән берудің маңыздылығын және дереу медициналық көмекке жүгіну қажет екенін тағы бір көрсетеді.
“Сарғаюмен түскен науқастарға мұндай отаны айына 1-5 рет жасап тұрамыз, – дейді ҚЖШККА оталық бөлімнің меңгерушісі Нұрхат Есенбеков. – Медициналық топтың жақсы үйлестірілген жұмысы, дұрыс диагноз қою және жедел хирургиялық араласу науқастың сауығуының кепілі болды. Біз әрбір адамды өз денсаулығына мұқият қарауға және аурудың алғашқы белгілерінде-ақ медициналық көмекке жүгінуге шақырамыз”.