Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының хирург мамандары уытты шашыраңқы жемсаудың ауыр жағдайымен түскен қызылордалық науқасқа сәтті ота жасады

 

Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының хирург мамандары уытты шашыраңқы жемсаудың ауыр жағдайымен түскен қызылордалық науқасқа сәтті ота жасады

58 жасар қызылордалық науқас Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) ауыр жағдайда хирургиялық ем алу үшін жүгінген.

Науқас 3-дәрежелі уытты шашыраңқы жемсау, созылмалы аутоиммунды тиреоидит, ауыр тиреотоксикоз, тиреотоксикалық офтальмопатия және кардиомиопатиямен ауырған.

Уытты шашыраңқы жемсау – қалқанша бездің шамадан тыс жұмыс істеуіне әкелетін аутоиммунды ауру. Емдеу дәрі-дәрмекті, радиоактивті йодты немесе хирургиялық араласуды қамтуы мүмкін. Диагноз қалқанша безі гормондарының деңгейіне қан анализі, қалқанша безіне антиденелер және қалқанша безінің ультрадыбыстық зерттеуі негізінде қойылады. Аурудың алдын алу йодқа бай тағамды тұтынуды және стрестік жағдайдан аулақ болуды қамтиды.

Консервативті терапияның тиімсіз болуына байланысты ота жасау туралы шешім қабылданды. ҚЖШККА-да ота алдындағы дайындықтан кейін науқасқа толық струмэктомия (тиреоидэктомия) жасалды.

Толық струмэктомия (тиреоидэктомия) – қалқанша безді толығымен алып тастауға бағытталған хирургиялық ота. Бұл ота қатерлі ісік, ауыр тиреотоксикоз, аутоиммунды аурулар және үлкен жемсау сияқты без жұмысының ауыр бұзылған кезінде жасалады. Қалқанша безді алып тастағаннан кейін науқас қалқанша безінің гормондарымен өмір бойы емдеуді және тұрақты медициналық бақылауды қажет етеді.

“Науқас түскен кезде ауыр халде болды. Хирургиялық араласу одан әрі асқынудың алдын алу үшін қажет болды. Ота еш асқынусыз сәтті өтті. Бүкіл команданың жоғары білікті жұмысы мен заманауи құрал-жабдықтың арқасында барлық қажетті манипуляция жоғары сапада орындалды”, – дейді ота жасау бөлімінің меңгерушісі Есенбеков Нұрхат Бақытұлы.

Оператор Есенбеков Нұрхат Бақытұлы мен ассистент Абдуалиев Дәурен Бағланұлының жетекшілігімен ота 1 сағат 40 минутта сәтті аяқталды. Отаның сәтті өтуіне анестезиолог Бажинова Белла Нұрванжанқызы мен оталық медбике Өксікбай Нұрбибі Доқтырбекқызының да қосқан үлесі зор.

Науқас аурухана мамандарының бақылауында болып, отадан кейінгі 6-күні барлық ұсыныспен қанағаттанарлық жағдайда тұрғылықты жері бойынша амбулаторлық бақылауға үйге шығарылды.