ҚЖШККА нейрохирург дәрігерлері науқасты бас ми жарақатынан кейін сирек кездесетін асқынудан аман алып қалды.
Алматы қаласының 43 жастағы тұрғыны бас-ми жарақатынан кейін сол көзінің көруі нашарлай бастағанын, көз алмасының шығыңқылығын және қызарғанын байқай бастады, оның үстіне сол құлақта тұрақты шу пайда болды. Оған параорбитальды ісіну және сол көз алмасының ұясынан айқын шығуы қосылғанла, ер адамның бетіне қараудың өзі қорқынышты болды.
Ауырсыну шыдамайтындай жағдайға жеткенде науқас Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына (ҚЖШККА) жүгінді. Ауруханада науқастың басына жасалған МРТ/МРА-да сол жақта күретамыр-қуысты сағалар қосылысы (каротидно-кавернозное соустье) анықталды.
• КҚСҚ – жүре пайда болған бассүйек ішілік қан тамырларының аномалиясы. Ішкі ұйқы артериясы немесе оның бір тармағы мен қуысты синус арасында байланыс болған кезде, ол арқылы артерия қаны көктамыр жүйесіне шығады.
• Жарақаттан кейінгі КҚСҚ – сирек кездесетін ауру, ол бас-ми жарақатынан (БМЖ) кейін болады. КҚСҚ жас ер науқастарда жиі кездеседі, себебі олар БМЖ-дан жиі зардап шегетін топқа жатады.
• Қазіргі уақытта КҚСҚ үшін ең тиімді және қауіпсіз емдеу эндоваскулярлық емдеу болып табылады. Мұнда артериялық қабырғаны микроспиральдардың көмегімен қалпына келтіру әдісі жиі қолданылады.
• КҚСҚ көру қабілетінің төмендеуіне және тұрақты бас ауруларына әкеледі. Жүре пайда болған тамырлы аномалияны (КҚСҚ) хирургиялық араласу көмегімен жоймаса, ол 90 пайыз жағдайда мүгедектікке әкеледі, тіпті көру мүшесінің толық жоғалуына әкелуі мүмкін.
Осылайша, науқасқа ҚЖШККА нейрохирургиялық бөлімшесінде баллон көмегін қолдану арқылы сол жақта күретамыр-қуысты сағалар қосылысын микроспиральдармен реконструктивтік эмболизациялау отасы жасалды.
Оталық топ:
Нейрохирургтер: Е.Жуков, М.Аргумбаев
Оталық медбике: Э. Аюпова
Анестезиолог: Р. Қасенов
Ота 120 минутқа созылды.
– Науқасты емдеу барысында Көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының офтальмолог дәрігері И.Расуловпен бірлесіп жұмыс істедік. Осының арқасында науқастың көзін сақтап, ауырсынуды жоюға мүмкіндік туды, – дейді ҚЖШККА нейрохирург дәрігері Максим Аргумбаев. – Хирургиялық араласудан кейін науқастың көру және көз-қозғалыс функциялары ішінара қалпына келді, құлақ аймағындағы шу жоғалды, көздің шығыңқылығы орнына келді, ең бастысы, төзгісіз ауырсынулар жоғалды. Операция науқасқа толыққанды өмірін жалғастыруға мүмкіндік берді.