Санаулы күннен кейін Жаңа 2023 жылды қарсы аламыз. Жаңа жыл өткен жылға баға беріп, жаңа өмірге жол сілтейтін мереке. Сол себепті жыл соңында қорытынды шығарып, тілек айтамыз.
Медицина қызметкерлері үшін ауыр болған 2020 жылдың наурызынан бері бірнеше жылға созылған Covid-19 пандемиясы мен карантиннен кейін 2022 жылға мол үміт артқан едік. Дегенмен, үстіміздегі жыл Қаңтар оқиғасымен Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында қаңтардың 4-інен 10-ына дейін созылған медицина қызметкерлерінің ең ұзақ аусымымен басталды…
Іс жүзінде тәулік бойы еш демалыссыз дерлік қабылдау бөлімінде бүкіл командамен зардап шеккендердің барлығына көмек көрсетіп, науқас атаулының өмірін аман алып қалуға барын салған аурухана қызметкерлерінің еңбегіне деген адалдығын, ержүректілігін тағы бір атап өткім келеді.
Аурухана басшысы ретінде мен өз ұжымыма атқарған жұмысы мен кәсібилігі, ерлігі үшін шын жүректен алғыс білдіремін. Мамандыққа берілгендігіңіз бен өткен жылы жақсы үйлестірілген жұмысыңыз үшін рахмет.
Біз қала тұрғындары және еліміздің басқа өңірлерінен келген емделушілерге сапалы медициналық жоғары технологиялық көмек көрсету үшін бар күшімізді саламыз. Үстіміздегі жылы біз зор жұмыс атқардық. Келесі жылы да барлық сала бойынша жұмысымызды жалғастырамыз.
Жаңа жыл жаңа жоспар мен үміт уақыты. Сондықтан, соңғы бірнеше жыл қаншалықты қиын болса да, біз болашаққа оптимизммен қараймыз және 2023 жылға жаңа жоспармен, өз қабілетімізге сеніммен, біздің көмегімізге мұқтаж барлық адамдарға көмектесуге деген үлкен ниетпен кіреміз.
Жаңа жыл ауруханамыз үшін одан әрі өркендейтін, биік асуларды бағындыратын, үлкен жетістіктерге жеткізетін жыл болсын!
Ескі жыл есіркесін, Жаңа жыл жарылқасын!
Жаңа жыл баршамызға ең бастысы зор денсаулық, амандық, бақ-береке, жақсылық пен қуаныш әкелсін.
Келе жатқан Жаңа 2023 жыл құтты болсын!
Құрметпен, Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері Алмаз Джувашев