Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі 2020 жылғы 1 қаңтарда іске қосылды. Оны енгізудің арқасында денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2 есе өсті. МӘМС жүйесі іске қосылғанға дейін, 2019 жылы тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне шамамен 1 трлн теңге бөлінді. Ал 2023 жылы халыққа көрсетілетін медициналық көмекті қаржыландыруға 2,5 трлн теңгеден астам, оның ішінде ТМККК бойынша – 1,4 трлн, МӘМС бойынша – 1 трлн теңгеден астам қаражат қарастырылған. МӘМС есебінен денсаулық сақтауды қаржыландырудың айтарлықтай өсуі медициналық көмектің қолжетімділігін жақсартуға мүмкіндік берді.
Медициналық сақтандыру қорының ресми сайты
МӘМС жүйесінің негізгі принциптері:
- әлеуметтік бағдар – мемлекет 15 жеңілдік санатындағы 11 миллион азаматқа жарна төлейді;
- ортақ жауапкершілік – халықтың денсаулығы үшін мемлекет, жұмыс берушілер және азаматтар жауапты;
- медициналық көмекке тең қолжетімділік – әрбір сақтандырылған азамат төленетін жарналардың мөлшеріне қарамастан, медициналық көмектің қажетті көлемін алуға құқығы бар;
- ақша пациенттің артынан жүреді – пациент медициналық қызметті алу үшін өз қалауы бойынша медициналық ұйымды таңдай алады. Ол Қордың өнім берушісі болуы тиіс;
- пациенттің құқығын қорғау – Қор медициналық ұйымдарға көрсетілген медициналық көмектің сапасы мен көлеміне мониторинг жүргізілгеннен кейін ғана медициналық қызметтер үшін ақы төлейді.
ТМККК
Бюджет қаражаты есебінен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі беріледі:
- Қазақстан Республикасының азаматтарына,
- қандастарға,
- босқындарға,
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) шетелдіктерге.
- Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын (және тұруға ықтиярхаты бар) азаматтығы жоқ адамдарға
Қазақстан Республикасында уақытша тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, пана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары болған кезде ТМККК аясында медициналық көмек алуға құқығы бар.