Өткен аптада Түркістанда травматология және ортопедия саласын дамытуға арналған екі күндік «Заманауи травматология және ортопедия көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Конференцияға әлемнің 15 елінен, атап айтқанда, Ұлыбритания, Түркия, Үндістан, Швейцария, Германия, Қытай, Грекия, Египет, Иордания, Әзірбайжан, Бангладеш, Өзбекстан, Ресей, Беларусь елдерінің мамандары қатысты.
Халықаралық конференцияның басты мақсаты – травматология және ортопедиядағы ауруларды емдеу әдістері және тәжірибесімен алмасу.
Спикерлер баяндамаларын оқып, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен, травматология және ортопедия саласындағы жетістіктерімен бөлісті.
Сонымен қатар, конференция барысында көрнекі оталар жасалды.
Әлемнің жетекші клиникаларының көрмесі де ұйымдастырылды.
Шараға Қазақстанның түкпір-түкпірінен жетекші травматолог-ортопедтер қатысты. Соның ішінде Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасынан травматология және ортопедия бөлімшесінің меңгерушісі Сағит Маханов бастаған бір топ травматолог-ортопед мамандар да болды.
Сағит Махановтың айтуынша, мұндай конференция елімізге травматология және ортопедия саласындағы жаңалықтарды алып келіп, әлемде қандай заманауи технологиялар қолданылып жатқанын көрсетіп, тәжірибемен алмасуға көмектесіп қана қоймай, дәрігердің біліктілігін арттырады.
«Біз конференцияда аталған жетістіктерді, керек мағлұматты өз тәжірибемізде қолданамыз. Бұның өз кезегінде біздің науқастарымыз үшін пайдасы бар», – деп атап өтті.