ҚЖШККА нейрохирургтары «Ромео» мен «Джульетта» көмегімен бел омыртқа жарығын емдеді.
Жедел жәрдем бригадасы 20 жастағы науқасты арқасы мен аяғының қатты ауыруымен Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының (ҚЖШККА) қабылдау бөліміне жеткізді. Жас жігітті невропатолог және нейрохирург мамандар қарады. Оның төрт жыл бойы белі ауырғаны белгілі болды, науқас соңғы айларда ауырсынуының күшеюін байқаған. Ауырсыну оң аяққа тарай бастаған. Науқас қалыпты жағдайды таба алмайтынына, кез келген қозғалу қатты ауырсыну тудыратынына шағымданған. Сондай-ақ соңғы аптада зәр шығару функциясының бұзылуы орын алғанын айтқан.
МРТ-да бел омыртқасының L5-S1 дискісінде үлкен орталық жарық (грыжа) анықталды. Бұл жерде омыртқааралық диск ең мобильді болып саналады. Күшті жүктеменің кесірінен диск оңай зақымдалады. Мұндай зақымдалу кезінде ішкі органдардың ауырсынуы және дұрыс жұмыс істемеуі орын алады. Егер басқа дискілер сопақ болса, L5-S1 трапеция тәрізді. Бұл ол орналасқан аймақтың ерекше құрылымына байланысты. Мұндағы жарық өте қауіпті, ол аяқ-қолдың сал ауруын тудыруы немесе асқазан-ішек жолдарының функцияларын бұзуы мүмкін.
Симптомдарды, қатты ауырсыну синдромын, неврологиялық тапшылықты және науқастың жасын ескере отырып, ҚЖШККА дәрігерлері шұғыл ота жасау шешімін қабылдады.
Құрамында ҚЖШККА нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Константин Ли, нейрохирург Данияр Жалтаев, анестезиолог Ринат Қасенов бар ота жасау бригадасы микродискэктомия, «Джульетта» кейдждерімен дене аралық біріктіру және «Ромео» динамикалық омыртқааралық бекіткішімен бекіту отасын жасады.
Дискэктомия – бұл жүйкенің қысылуын тудыратын жарықпен бірге омыртқааралық дискіні алып тастау. Бұл омыртқаралық диск жарығын емдеудің негізгі хирургиялық әдісі. Қазіргі уақытта микродискэктомия жиі жасалады – арнайы оталық микроскоптардың көмегімен омыртқааралық дискіні жарықпен бірге алып тастау отасы. Бұл хирургиялық әдіс омыртқааралық дискіні кішкене кесу арқылы алып тастауға мүмкіндік береді, осылайша қоршаған тіндерге зақым келтірілмейді.
Денеаралық кейдж – жұлын стенозын шектеу үшін зақымдалған омыртқааралық дискіні алмастыратын имплант. Денеаралық кейдждің бірнеше түрі бар, оны таңдау ота жасалатын омыртқаның бөлігіне және ол жасалған материалдың түріне байланысты жасалады.
Омыртқааралық бекіту – белгілі бір құрылымдарды пайдаланып омыртқаларды қосу. Мұндай ота омыртқаның тұрақсыздығын жояды, тірек-қимыл аппаратының функционалдығын қалпына келтіреді.
Аталған ота ҚЖШККА-да алғаш рет жасалды. Ота сәтті өтті. Отаның төмен инвазивтілігін және тиімділігін атап өту керек. Сондай-ақ, микродискэктомиямен бірге орындалатын омыртқааралық бекіту кешіктірілген нәтижелердің әсерін арттырады.
Отадан кейінгі ерте кезеңде науқас өзін жақсы сезінеді. Ауыруы басылды. Белсенді, оңалтудың ерте кезеңінен өтіп жатыр және дәрігерлерге шын жүректен алғысын білдіреді.