ҚЖШККА инсультолог және нейрохирург дәрігерлерінің үйлесімді жұмысының арқасында жедел ишемиялық инсультпен түскен 40 жастағы алматылық әйел аман қалды.
Науқастың басы айналып, ол өзін нашар сезінген соң, жедел жәрдем шақырған. Жедел жәрдем оны Алматы қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының инсульт қызметіне алып келген. Жарты сағатта ол сол қолы мен аяғының да әлсірей бастағанын байқаған.
«Оны тексергеннен кейін, уақыт шектеулі екенін түсіндік, – дейді ҚЖШККА нейрохирург маманы Максим Аргумбаев. – Cerebra софты және МРТ көмегімен науқастың оң жақ ортаңғы ми артериясының M1 сегментінің дистальды бөлімінде ақау анықталды. Науқас дереу ангиографиялық ота бөлмесіне жіберілді».
Ангиографиялық ота бөлмесінде науқасқа ортаңғы ми артериясының М1 сегментінің дистальды бөліміне тромбоэкстракция жасалып, тромб алып тасталды. Отаны жасаған нейрохирург мамандар Евгений Жуков пен Максим Аргумбаев. Ота 40 минутқа созылды. Отадан кейін науқастың ми қан айналымы қалпына келтірілді.
Отадан кейін науқас өзін жақсы сезінеді, қолы мен аяғы қалыпты қозғалады.
Тромбоэкстракция мүгедектікке жол бермейтін жоғары технологиялық ота. Оның арқасында инсультқа шалдыққан науқастар қалыпты өмірге тезірек оралады. Мұндай оталар кез келген ауруханада жасала бермейді.