Ақпанның 15-і – оталық медбике күні
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының ота жасау бөлімі – әр секунды қымбат, әр шешімі үлкен жауапкершілік жүктейтін құрылым.
Ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нұрхат Есенбеков, аға медбике Ғалия Алмабаеваның жетекшілігімен бөлімде 21 медбике және 1 мейіргер еңбек етеді. Бұл – жоспарлы және шұғыл оталардың қауіпсіз әрі үйлесімді өтуін қамтамасыз етіп отырған кәсіби ұжым.
Ғалия Жақсылыққызының медицина саласындағы еңбек өтілі 38 жылдан асады. Оның еңбек жолының басым бөлігі ота жасау бөлімімен тығыз байланысты.
Ғалия Жақсылыққызының айтуынша, оталық медбике – хирургтің сенімді тірегі әрі ота барысындағы ең жауапты маманның бірі.
«Ота кезінде медбике құралдардың дайындығын, стерильдіктің сақталуын, жұмыс үдерісінің дұрыс ұйымдастырылуын қадағалайды және кез келген жағдайға дайын болуы тиіс. Бұл мамандық жоғары зейінді, төзімдікті және толық жауапкершілікті талап етеді», – дейді ол.
Кәсіби мерекеге орай ота жасау бөлімінің меңгерушісі Нұрхат Бахытұлы ұжымды құттықтап:
«Ота жасау бөлімі – аса жоғары жауапкершілік аймағы. Ота нәтижесі бүкіл команданың үйлесімді жұмысына байланысты, ал оталық медбикенің рөлі айрықша. Ұжымға кәсібилігі, тәртібі және адалдығы үшін алғыс білдіремін», – деді.
Ғалия Жақсылыққызы да әріптестеріне ізгі тілегін білдірді: «Бұл мамандыққа жүрек қалауымен келеді. Мұндай жүктемені әркім көтере бермейді. Оталық медбике үнемі білімін жетілдіріп, кәсіби деңгейін арттырып отыруы қажет. Әріптестерімді кәсіби мерекемен шын жүректен құттықтаймын!».
Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасы оталық медбикелерді кәсіби мерекемен құттықтайды!
Сіздерге зор денсаулық, амандық, табыс тілейміз. Еңбегіңіз лайықты бағаланып, әр жұмыс күніңіз сенім мен қуаныш сыйласын.
Мереке құтты болсын!




