Нейрохирургия бөлімшесі: эндоваскулярлық стенттеу әдісі арқылы инсульттің алдын алу
Бүгін Дүниежүзілік инсультке қарсы күрес күні атап өтіледі. Аталған клиникалық жағдай ерте диагностика мен заманауи профилактикалық тәсілдердің тамырлық апаттың алдын алуда қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетеді.
Алматы Қалалық жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының нейрохирургия бөлімшесінде 1957 жылы туған науқасқа оң жақ ішкі ұйқы артериясының бастапқы бөлігіне эндоваскулярлық стенттеу сәтті жүргізілді.
Науқас транзиторлық ишемиялық ұстамалармен (ми қан айналымының қысқа мерзімді бұзылысы) түсті. Бұл инсульттің даму қаупінің жоғары екенін көрсететін белгінің бірі. Тексеру кезінде оң жақ ішкі ұйқы артериясының бастапқы бөлігінде субокклюзия – яғни тамырдың сындарлы (критикалық) тарылуы анықталып, шұғыл араласуды қажет етті.
Ота жергілікті жансыздандыру арқылы 30 минут ішінде сәтті өтті. Мамандар тамырға стент орнатып, қалыпты қан айналымын қалпына келтірді. Бұл – ишемиялық инсульттің дамуына жол бермеудің тиімді тәсілі болды.
Отаны жасаған – Максим Аргумбаев
Ассистент – Дархан Жетпісбаев
Оталық медбике – Эльмира Аюпова
«Рентгеноэндоваскулярлық стенттеу – ишемиялық инсульттің ауыр салдарын болдырмауға мүмкіндік беретін тиімді әрі шағын инвазивті әдіс. Ең бастысы – дертті дер кезінде анықтап, емдеуді кейінге қалдырмау», – дейді нейрохирург Максим Аргумбаев.
Әрбір осындай сәтті ота – заманауи технология мен нейрохирургия бөлімшесінің жоғары білікті мамандарының еңбегінің айғағы. Бұл – ми қан айналымы бұзылысының асқынуын болдырмай, науқастарға толыққанды әрі қауіпсіз өмір сүруге мүмкіндік береді.

