Бұрынғыдан қиын болмайды! Клиникалық психолог ковидтің екінші толқынына қатысты кеңес береді.

Клиникалық психолог ковидтің екінші толқынына қатысты кеңес береді.

ТМД елдері ішінде Қазақстан COVID-19-ға байланысты алаңдаушылық индексі бойынша ең төмен ел дейді сарапшылар. Біздің елде адамдар вирус туралы ең аз сөйлесіп, естіп, ең аз оқиды екен. Психологтар мұны психикалық сарқылу деп атайды. Індеттің екінші толқыны басталғанға дейін өз ресурстарымызды қалай қалпына келтіру керек екенін Алматы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының психологы Гүлнара Дощанова әңгімелейді. Алдымен Гүлнара Халидиновнаның 27 жылдық клиникалық практикасы бар, ол психиатриялық жүйке аурулары медициналық-әлеуметтік мекемесінде, Алматы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында жұмыс істегенін және қазір ЖШККА-да жұмыс істейтінін атап өткім келеді. Ол карантин кезеңінде «қызыл аймақта» науқастар мен дәрігерлерге көмектесті.

– Адамдар қазір бастан кешіп отырған жағдай – апатия мен ашудың қоспасы. Коронавирус тақырыбы ауызекі әңгімеден біртіндеп жоғалып келе жатыр. Қауіп үйреншікті жағдайға айналған сияқты, енді оған қатысты қандай да бір әрекет етуге күш қалмады. Шын мәнінде, ұзақ мерзімді стресс бізді сарқылуға әкеледі. Көптеген адам психологиялық тұрғыдан күйіп кетті, сондықтан апатияға ұшырайды. Біздің ашуымыз «бұл қашан аяқталады?!» деп сұраумен көрініс табады. Мұның бәрі қалыпты жағдай, енді бастысы – қорықпау және үрейленбеу, менің ойымша, жағдайдың бірінші толқын кезіндегіден қиын болуы екіталай, сондықтан көп уайымдаудың қажеті жоқ. Ол кезде біз бәріміз бұған экономикалық тұрғыдан болсын, медициналық тұрғыдан болсын дайын болмадық. Ал енді бізде тәжірибе бар, яғни екінші толқын салыстырмалы түрде жеңілірек өтуі керек. Қазір мен сізге өзіңіз әсер ете алатын, басқара алатын, әрі шеше алатын мәселені ғана таңдап, қалған нәрсенің бәрін ұшақтағыдай жіберуге кеңес беремін.
– Бұның бәріне төзу үшін психологиялық ресурстарымыз бар ма, оларды қалай және немен жігерлендіру керек?
– Коронавирустан қорқуды толығымен жеңу әлдекімнің қолынан келетіні екіталай әрі бұл қажет емес. Өйткені бұл адамды карантиндік шараларға немқұрайлы қарауға және ол өз кезегінде ауру қаупінің артуына әкелуі мүмкін. Біздің қолымыздан келетін ең жақсы нәрсе – сабыр сақтау және барлық сақтық шараларын орындау. Қазіргі жағдайда инфекциядан қорқу қалыпты, сондықтан онымен күресудің мәні жоқ. Ең бастысы – оның фобияға айналуына жол бермеу.
– Сіз «қызыл аймақта» жұмыс істедіңіз, пациенттер сізге қандай сұрақтар қойды және оларға қалай көмектестіңіз?
– Мен 3 айға жуық «қызыл аймақта» ковидті науқастармен жұмыс істедім. Науқастардың көпшілігін мазасыздық, дүрбелең, өлім қорқынышы, ешқашан емделмеу қорқынышы мазалады. Оларда өздерін басқара алмау және дәрменсіздік сезімдері болды, тыныс алуда қиындықтар болды және бұл олар үшін өте қорқынышты болды. Мен олармен үнемі әңгімелер өткіздім, консультациялар бердім, қорқыныш деңгейін төмендету бойынша психокоррекциялық жұмыстар жүргіздім, суицидтік мінез-құлық қаупін жойдым. Иә, мұндай да науқастар болды.
– Ковид шынымен психикаға әсер ете ме?
– Ия, өкінішке қарай, ковид адамдардың психикасына әсер етті, бұл әсіресе ауыр сырқаттанған науқастарда айқын байқалды. Мазасыздық, дүрбелең, депрессия, стресс және тіпті суицид инфекцияның жаңа «жанама әсерлеріне» айналды. Сонымен қатар, «сынған жүрек синдромы» немесе стрестік кардиомиопатия деп аталатын сирек кездесетін аурудың танымалдығы артып келеді. Аталған синдром кезінде сол жақ қарыншаның алдыңғы қабырғасының миокард инфарктісіне тән ЭКГ-ның өзгеруімен қатар жүретін жүрек жеткіліксіздігінің немесе кеуде қуысының ауырсынуы орын алады.
– Неліктен көптеген адамдар үшін оқшаулау, карантин моральдық тұрғыдан өте қиын болып шықты, бұл соғыс емес қой, апат та емес?
– 2020 жыл – сенімсіздік пен үлкен алаңдаушылық жылы. Наурыз айының соңында бүкіл әлемде алғаш рет өзін-өзі оқшаулау режимі енгізілді. 3 айға жуық біздің әдеттегі өміріміз тоқтап қалды, жұмыс пен оқу онлайн режиміне ауыстырылды, достармен және туыстармен кездесулер тек бейнебайланыс арқылы мүмкін болды. Біз өзімізді коронавирустан құтқару үшін оқшауландық, бірақ өзімізді өзімізден құтқара алдық па? Көпшілік оқшаулануға төзбеді, сондықтан адамдар депрессияға жиі беріле бастады, мазасыздық пен дүрбелең күшейіп, паранойя деңгейі жоғарылап, анық ойлау қабілеті төмендеді.
Оқшаулау көбіне болып жатқан оқиғалардағы түсініксіздік, нақты нұсқаулардың болмауы және әр түрлі дереккөздерден дәйексіз ақпарат алу салдарынан бізге өте жағымсыз әсер етті.
– Мен сізден практикалық психолог ретінде «Пандемия кезінде адамдар не істеу керек» деген нұсқаулық ала аламын ба?
– Үрейленбеңіз!!!
Ақпарат көздерін бақылаңыз, олардың біздің жағдайымызға әсер етуіне жол бермеңіз. Өзіңіз үшін улы емес, пайдалы болатын ақпараттың оңтайлы мөлшерін анықтаңыз.
Карантин мен аурудан жоғары болу. «Ауырмау» тапсырмасынан басқа, сіз өзіңіздің өміріңізді жаңа форматта қалай ұйымдастыруға болатынын ойлауыңыз керек. Ауру – бұл шкафтағы сөре ғана, тұтас шкафтың өзі емес. Ауру ол Мен емес, ауру Менде бар. Ауырып қаламын деген уайым немесе онсыз да жайылған вирус сіздің толық тұлғаңызды қамтып алмауы маңызды. Карантиннен басқа өмірде не бар? Вирус басқаның бәрін жоқ қылмайды – үміт, сенім, рахат, өнер, сұлулық, жақындық және шығармашылық бар.
Қирандыларды қайта құру, өмірді ұйымдастыру маңызды. Күнделікті тұрақты әрекеттер тұрақтылықты сақтауға көмектеседі. Егер бұрын ұйымдар, мектептер, университеттер, жұмыс өмір құрылымын құрған болса, енді сіз өз өміріңізді «өз бетіңізше» құруға тиіссіз.
Өзгеретін жағдайларға бейімделу керек. Есіңізде болсын: «Егер жаңбыр жауса, онда сіз плащ киіп, қолшатыр алып, одан әрі өз кәсібіңізбен айналысуыңыз керек». Үмітсіздік пен жағымсыз жағдайларға берілудің қажеті жоқ. Өзіңізді жақсылыққа баулып, өмірге оң көзқараспен қарауға тырысыңыз.
Есіңізде болсын!!! Біз бұған дейін де көп нәрсені бастан өткердік, бұл да өтеді. Өмір – өзгерістерден тұрады, ал біздің тұрақтылыққа деген махаббатымыз адамды жалқау қылады. Сондықтан жаңа мәселелермен бірге жаңа міндеттер, мүмкіндіктер мен шешімдер келеді. «Мен неге әсер ете аламын, не жасай алмаймын?» деп өзіңізге сұрақ қойыңыз. Егер сіз жағдайды өзгерте алсаңыз, әрекет етіңіз, өзгерте алмасаңыз, бақылаңыз.
Ең бастысын есте ұстаңыз, пандемия өтеді және онымен байланысты дүрбелең де өтеді. Егер сіз оған мойынсұнбасаңыз және бәрін дұрыс жасасаңыз, ешкім зардап шекпейді. Карантин аяқталғаннан кейін сіз қиын жағдайдың сізге күш бергенін түсінесіз. Өзіңізге мұқият болыңыз, қауіпсіздік шараларын ұстаныңыз, бәрі жақсы болады!!!