Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз Байманапова Салтанат Жалдыбаевна

Аурухана қызметкерлерімен таныстыруды жалғастырамыз
Байманапова Салтанат Жалдыбаевна
Урология бөлімшесінің аға медбикесі
Еңбек өтілі – 30 жыл
– Бала кезімізде көп ауырамыз-сырқаймыз, сонда анамыз бізді емханаға апаратын. Анам қашанда ақ халатты қызметкерлерді ерекше құрметтейтін, бізді де осы құрметке баулыды. Мамандық таңдау мәселесі туғанда, ақылдаса отырып, мен медицинаны таңдадым. Осылайша еңбек жолымды 20 жасымда аудандық ауруханада бастадым. 2005 жылдан аға медбикемін. Алматы жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасында 2011 жылдан істеймін. Сонда терапияны қабылдап алып, бөлімшені ашқанбыз. 2013 жылдан урология бөлімшесінде істеймін. Қоластымда 10 медбике, 1 мейіргер, 8 санитар, – дейді Салтанат Жалдыбаевна.
Бөлімше құжаттарымен айналысып, басшылармен жұмыс істейтін – аға медбикелер. Өзі жетекшілік ететін медбикелер мен тазалықшылардың міндеттерін реттеп, жұмыс кестесі мен тәртібін қадағалап, қол астындағы қызметкерлерді науқасты күтіп-баптауға үйрету тікелей аға медбикенің жауапкершілігінде. Мұнымен қатар, жұмыс сапасын арттыру, шаруашылық бөлімді қадағалау, дәрігердің нұсқауларын сапалы орындау мен қажетті дәрілерге ұсыныс жасап, оларды медбикелерге уақтылы бөліп отыру да – аға медбикенің құзіретіндегі іс.
Салтанат Байманапова биыл Республикалық жоғары медициналық колледжінде «Медбике ісі – медбикенің қолданбалы бакалавры» мамандығы бойынша оқуды сәтті тәмамдады.
– Жалпы медбикелерге қанша ізденсе де артық етпейді. Өйткені, адам жанына араша түсу білім мен біліктілікті талап етеді. Өзімнің медбикеден аға медбике дәрежесіне дейін өсуім, еңбектің, ізденімпаздықтың арқасы. Тек дәреже ғана емес, жүктелетін міндет те екі еселенді ғой. Сырт қарағанға медбике қызметі қиын көрінбейді. Бірақ медбике науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейді. Дәрігер науқасты тексеріп, тағайындауын жазып берген соң, әрі қарай бар жұмысты медбике орындайды. Егуін жасайды, дәрісін уақтылы береді. Төсек-орын, ас-ауқаты, хал-ахуалын күні-түні бақылап, науқасқа қарайтын медбикелер, – деп баса айтады Салтанат Жалдыбаевна.